Қара сөздер · Абай Құнанбаев
Он жетінші сөз
Тарауды тыңдау
Қазақша нейродауыс, абзац кідірістерімен
≈ 4 мин
Асты сызылған 4 сөз — глоссарийден. Кез келген басқа сөзге де түртуге болады: қазақша түсіндірмесі шығады.
Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын; әуелі, өзіңді білуге ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол — менің ісім. Құдайға лайықты қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те — менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?» — депті.
Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын — мен, сенің сөзіңді ұғатұғын — мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» — депті.
Онан соң жүрек айтыпты: «Мен — адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын — мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын — мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын — мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын — мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» — депті.
Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты:
— Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа да көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман, — депті.
Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да — бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның екеуінің де — сүйенгені, сенгені — сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман, — депті. — Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ — менің ісім, — депті. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады.
— Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, — деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам — сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, — депті.
Мазмұны · 4517 / 45
- 1Бірінші сөз
- 2Екінші сөз
- 3Үшінші сөз
- 4Төртінші сөз
- 5Бесінші сөз
- 6Алтыншы сөз
- 7Жетінші сөз
- 8Сегізінші сөз
- 9Тоғызыншы сөз
- 10Оныншы сөз
- 11Он бірінші сөз
- 12Он екінші сөз
- 13Он үшінші сөз
- 14Он төртінші сөз
- 15Он бесінші сөз
- 16Он алтыншы сөз
- 17Он жетінші сөз
- 18Он сегізінші сөз
- 19Он тоғызыншы сөз
- 20Жиырмасыншы сөз
- 21Жиырма бірінші сөз
- 22Жиырма екінші сөз
- 23Жиырма үшінші сөз
- 24Жиырма төртінші сөз
- 25Жиырма бесінші сөз
- 26Жиырма алтыншы сөз
- 27Жиырма жетінші сөз (Сократ хакімнің сөзі)
- 28Жиырма сегізінші сөз
- 29Жиырма тоғызыншы сөз
- 30Отызыншы сөз
- 31Отыз бірінші сөз
- 32Отыз екінші сөз
- 33Отыз үшінші сөз
- 34Отыз төртінші сөз
- 35Отыз бесінші сөз
- 36Отыз алтыншы сөз
- 37Отыз жетінші сөз
- 38Отыз сегізінші сөз
- 39Отыз тоғызыншы сөз
- 40Қырқыншы сөз
- 41Қырық бірінші сөз
- 42Қырық екінші сөз
- 43Қырық үшінші сөз
- 44Қырық төртінші сөз
- 45Қырық бесінші сөз
Түсінбеген сөзге түртіп көріңіз
Квиз ашылған сөздерден құрастырылады; сақталғандары тренажёрде қайталанады