Қара сөздер · Абай Құнанбаев
Жиырма сегізінші сөз
Тарауды тыңдау
Қазақша нейродауыс, абзац кідірістерімен
≈ 3 мин
Асты сызылған 1 сөз — глоссарийден. Кез келген басқа сөзге де түртуге болады: қазақша түсіндірмесі шығады.
Ей, мұсылмандар! Біреу бай болса, біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу есті, біреу есер болса, біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа мейілді — бұлар неліктен десе біреу, сіздер айтасыздар: құдай тағаланың жаратуынан яки бұйрығынша болған іс деп.
Жә, олай болса, біз құдай тағаланы айыбы жоқ, міні жоқ, өзі әділ деп иман келтіріп едік. Енді құдай тағала бір антұрғанға еңбексіз мал береді екен. Бір құдайдан тілеп, адал еңбек қылып, пайда іздеген кісінің еңбегін жандырмай, қатын-баласын жөндеп асырарлық та қылмай, кедей қылады екен. Ешкімге залалсыз бір момынды ауру қылып, қор қылады екен. Қайда бір ұры, залымның денін сау қылады екен. Әке-шешесі бір екі баланың бірін есті, бірін есер қылады екен. Тамам жұртқа бұзық болма, түзік бол деп жарлық шашып, жол салады екен. Түзікті бейішке шығарамын деп, бұзықты тозаққа саламын деп айта тұра, пендесінің біреуін жақсылыққа мейілдендіріп, біреуін жаманшылыққа мейілдендіріп, өзі құдайлық құдіретімен біреуін жақсылыққа бұрып, біреуін жамандылыққа бұрып жіберіп тұрады екен. Осының бәрі құдай тағаланың айыпсыз, мінсіз ғафур рахимдығына, әділдігіне лайық келе ме? Жұрт та, мүлік те — бәрі құдайдың өзінікі. Бұл қылғанын не дей аламыз?
Өз мүлкін өзі не қылса қыла береді. Оны айыпты болады дей алмаймыз десең, ол сөзің құдай тағаланың айыбы, міні жоқ емес, толып жатыр, бірақ айтуға бата алмаймыз дегенің емес пе? Олай болғанда, пенде өз тырысқандығыменен не табады? Бәрін қылушыға қылдырушы өзі екен.
Пенде пендеге өкпелейтұғын ешнәрсе жоқ. Кім жақсылық, кім жамандық қылса дағы құдайдан келген жарлықты қылып жүр екен дейміз бе? Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге парыз деген екен. Және де әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек. Жә, біз енді ақылды еркіне жібермесек, құдай тағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады? «Мені таныған ақылменен таныр» дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң, діннің өзі неден болады.
Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған не болады? Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан — құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан — құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан — құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе — жоқ.
Мазмұны · 4528 / 45
- 1Бірінші сөз
- 2Екінші сөз
- 3Үшінші сөз
- 4Төртінші сөз
- 5Бесінші сөз
- 6Алтыншы сөз
- 7Жетінші сөз
- 8Сегізінші сөз
- 9Тоғызыншы сөз
- 10Оныншы сөз
- 11Он бірінші сөз
- 12Он екінші сөз
- 13Он үшінші сөз
- 14Он төртінші сөз
- 15Он бесінші сөз
- 16Он алтыншы сөз
- 17Он жетінші сөз
- 18Он сегізінші сөз
- 19Он тоғызыншы сөз
- 20Жиырмасыншы сөз
- 21Жиырма бірінші сөз
- 22Жиырма екінші сөз
- 23Жиырма үшінші сөз
- 24Жиырма төртінші сөз
- 25Жиырма бесінші сөз
- 26Жиырма алтыншы сөз
- 27Жиырма жетінші сөз (Сократ хакімнің сөзі)
- 28Жиырма сегізінші сөз
- 29Жиырма тоғызыншы сөз
- 30Отызыншы сөз
- 31Отыз бірінші сөз
- 32Отыз екінші сөз
- 33Отыз үшінші сөз
- 34Отыз төртінші сөз
- 35Отыз бесінші сөз
- 36Отыз алтыншы сөз
- 37Отыз жетінші сөз
- 38Отыз сегізінші сөз
- 39Отыз тоғызыншы сөз
- 40Қырқыншы сөз
- 41Қырық бірінші сөз
- 42Қырық екінші сөз
- 43Қырық үшінші сөз
- 44Қырық төртінші сөз
- 45Қырық бесінші сөз
Түсінбеген сөзге түртіп көріңіз
Квиз ашылған сөздерден құрастырылады; сақталғандары тренажёрде қайталанады