Қара сөздер · Абай Құнанбаев
Үшінші сөз
Тарауды тыңдау
Қазақша нейродауыс, абзац кідірістерімен
≈ 6 мин
Кез келген сөзге түртіңіз — қазақша түсіндірмесі шығады.
Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?
Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі — қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз — қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ — қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз — надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.
Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым — солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді.
Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді.
Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ.
Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, байлық қызметінен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айырылған және біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден кетпек, әр қазақтың ойы осы.
Осылар біріне бірі достық ойлай ала ма? Кедей көп болса, ақысы кем болар еді, малдан айырылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, әуелде ішімізбен қас сағындық. Әрі-беріден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп, қызметке, болыстық,билікке таластық.
Сонан соң не момынның баласы бөтен жаққа шығып, еңбек қылып, мал іздемейді, егін, сауданың керегі жоқ болады. Өз басын өзі осындай таласпенен кісі көбейтеміз деп партия жиғандардың бүгін біреуіне, ертең біреуіне кезекпен сатады да жүреді.
Ұрылар тыйылмайды. Ел тыныш болса, оның ұрлығын ешкім сүйемес еді. Ел екі жар болған соң, кім ант ішіп ақтап, арамдығын жақтап, сүйеймін десе, соған жақ болып сүйеніп, бұрынғыдан ұрлығын әлденеше есе асырады.
Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік «шапты, талады» деген әртүрлі уголовный1 іс көрсетіп, арыз береді. Оған дознание2 — тергеу шығарады. Өтірік көрмегенін көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындап қойылған, бағанағы жақсы адам сайлауға жарамасы үшін. Ол адам басын құтқармақ үшін жамандарға жалынса, оның да адамдығының кеткені, егер жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өткені.
Ол болыс болғандар өзі қулық, арамдықпенен болыстыққа жеткен соң, момынды қадірлемейді, өзіндей арам, қуларды қадірлейді, өзіме дос болып, жәрдемі тиеді деп, егер қас болса, бір түрлі өзіме де залал жасауға қолынан келеді деп.
Осы күнде қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның мәнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалылығынан жетерсің» деген сөз.
Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күні өтеді. Енді несі қалды?
Осы қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң, менің ойыма келеді: Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадәрлі орысша образование3 алған кісі болсын. Егер де орталарында ондай кісісі жоқ болса, яки бар болса да сайламаса, уезный начальник пенен военный губернатордың назначениесімен4 болады десе, бұл халыққа бек пайдалы болар еді. Оның себебі: әуелі — қызметқұмар қазақ балаларына образование беруге ол да — пайдалы іс, екінші — назначениемен болған болыстар халыққа міндетті болмас еді, ұлықтарға міндетті болар еді.
Уә және назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса, өтірік арыз берушілер азаяр еді, бәлки жоғалар еді. Уә және әрбір болыс елде старшина басы бір би сайланғандық, бұл халыққа көп залал болғандығы көрініп, сыналып білінді. Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын»5 білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ.
Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» деп. Оның мәнісі — тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере білінгендікпенен түссе, әйтпесе түспесе.
Ол билерге даугер адамдар қалмай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке6 сайлап алып, біте берсе; егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай, бітім болар еді.
1Уголовный (орысша) қылмысты.
2Дознание — жауапқа шақыру.
3Образование — білім.
4Назначениесімен — қызметке тағайындау.
5Жеті жарғы — Тәуке ханның заңының жеті ережесі.
6Посредникке — екі жағына бірдей адам сайлап алу деген мағынада.
Мазмұны · 453 / 45
- 1Бірінші сөз
- 2Екінші сөз
- 3Үшінші сөз
- 4Төртінші сөз
- 5Бесінші сөз
- 6Алтыншы сөз
- 7Жетінші сөз
- 8Сегізінші сөз
- 9Тоғызыншы сөз
- 10Оныншы сөз
- 11Он бірінші сөз
- 12Он екінші сөз
- 13Он үшінші сөз
- 14Он төртінші сөз
- 15Он бесінші сөз
- 16Он алтыншы сөз
- 17Он жетінші сөз
- 18Он сегізінші сөз
- 19Он тоғызыншы сөз
- 20Жиырмасыншы сөз
- 21Жиырма бірінші сөз
- 22Жиырма екінші сөз
- 23Жиырма үшінші сөз
- 24Жиырма төртінші сөз
- 25Жиырма бесінші сөз
- 26Жиырма алтыншы сөз
- 27Жиырма жетінші сөз (Сократ хакімнің сөзі)
- 28Жиырма сегізінші сөз
- 29Жиырма тоғызыншы сөз
- 30Отызыншы сөз
- 31Отыз бірінші сөз
- 32Отыз екінші сөз
- 33Отыз үшінші сөз
- 34Отыз төртінші сөз
- 35Отыз бесінші сөз
- 36Отыз алтыншы сөз
- 37Отыз жетінші сөз
- 38Отыз сегізінші сөз
- 39Отыз тоғызыншы сөз
- 40Қырқыншы сөз
- 41Қырық бірінші сөз
- 42Қырық екінші сөз
- 43Қырық үшінші сөз
- 44Қырық төртінші сөз
- 45Қырық бесінші сөз
Түсінбеген сөзге түртіп көріңіз
Квиз ашылған сөздерден құрастырылады; сақталғандары тренажёрде қайталанады