Ыбырай Алтынсариннің фотопортреті: сақалды, қара шапан киген ағартушы

Ыбырай Алтынсарин. Әңгімелер мен өлеңдер · Ыбырай Алтынсарин

Бай мен жарлы баласы

Тарауды тыңдау

Қазақша нейродауыс, абзац кідірістерімен

≈ 8 мин

Кез келген сөзге түртіңіз — қазақша түсіндірмесі шығады.

Асан деген бай баласы, Үсен жарлы баласы,- екеуі кұрдас екен. Бір күні ел көшкенде қыр астында ойнап жүріп, ескерілмей, екеуі жұртта қалыпты. Бір мезгілде үйге баралық деп келсе, ауыл жоқ, құр жұрты жатыр. Асан айқай салып, жылай бастады. Үсен ойланып тұрды да айтты: — Жылағанмен ешнәрсе өнбес. Көшкен ауылды іздеп табалық. — Елді қайдан табамыз, қай жаққа кеткенін де көргеніміз жок, — деді Асан. Үсен үндемеді, Асанды ертіп көшкен жұртқа келді. Жұртта бір көзі сынған ине жатыр екен оны алды және бір пышақтың сынығын, бір-екі уыстай қыл тауып, оны да алды. Сонан сон ауылдың жұртын айнала жүгіріп жүріп, көштің кеткен сүрлеуін тауып, сол сүрлеуге түсіп жүре берді. Біраз жер еткен соң сүрлеу екі айрылды. Мұны көріп Асан жылай бастады: — Енді қайсысына түсеміз, — деп. Үсен қарап жүріп, біреуіне түсті: — Мынау сүрлеу, бүгін жүрген көштің сүрлеуі екен — малдың жас тезегі бар, — деді. Біраз жер жүрген соң Асан қарным ашты деп жылады. Үсен үндемей келе жатса, екеуінің алдынан бір үйрек ұшып, ұзамай қасына қонды. Асанның онымен ісі болмай жүре берді. Үсен жүгіріп барып сыйпалап жүріп, үйректің орнынан алты жұмыртқа тапты. Асан қуанып жұмыртқаны аламын деп еді, Үсен алдырмай: — Жолдан адасып көп күн жүрсек, бізге тамақ керек болар, үйректі де ұстап алайық, — деді. Асан айтты: — Қалай ұстаймыз? Үсен: — Мен әкемнің ұстағандарын көріп едім, — деп, манағы жұрттан тауып алған қылдан есіп тұзақ істеді де, оны апарып үйректің ұясына құрды. Мұнан соң Асанды шақырып алып, екеуі бір таса жерге, қалың шөптің арасына барып жатты. Көп ұзамай-ақ үйрек қайта ұшып, жан-жағында адам көрінбеген соң, ұясына келіп қонды. Бітегенеден соң Үсен түрегеліп, жүгіріп ұяға барып еді, үйрек ұша алмай далбырлады да қалды; қараса, үйрек мойнынан тұзаққа ілініп қалған екен. Үйректі Асан: — Тірі алып, ойнап баралық, — деді. Үсен айтты: — Жоқ, әкем: үйрек, қаз адал құстар, мұқтаждықта Құдайтағала бұларды адамға алып, тамақ етуге бұйырады, бірақ тірілей байлап-матап әуре ету обал деп айтушы еді, әуре етпей бауыздап алалық, — деп, манағы жұрттан тауып алған пышактың сынығымен бауыздап алды. Мұнан соң келе-келе жатып, түс ауған уақытта, екеуі бір өзен-судың бойына жетті. Су ішіп сусындарын қандырған соң. Үсен айтты: — Енді бір тамақ пісіріп желік. Асан: — От жоқ, неғылып пісіріп желік? — деді. Үсен үндемей су жағалап жүгіріп кетіп, бір шакпақ тас тауып әкелді және шапанының бір кішкентай жыртылған жерінен азғана мақта суырып алып, оны тастың үстіне қойып бәрін бармағына ғана қатты қысып тұрып, манағы пышақтың сыртымен тасқа қатты ұрып еді, от шығып, мақта тұтанды; сонан соң айналасына азғана тезек үгіп салып, Үсен өзі отты үріп тұтандырып жатып, Асанды қу тал жинап алып кел деп жіберді. Тал келтірілген соң от жағып, әуелі жұмыртқаны отқа салып пісірді; онан соң үйректің жүнін жұлып, бұтарлап, бір талдан істік істеп, үйректі отқа қақтады. Піскен соң екеуі де жесіп, тойып алысты. Тамағы тойған соң көңілінен уайымы шығып, Асан су жағалап жүгіріп кетті, бір мезгілде дауыстады: — Үсен, Үсен! Мынау тайыз жердегі балықтарды қарашы! — деп. Үсен оған қарамай баяғы жұрттан тапқан инені отқа салды. Ине біраздан соң оттың күшімен еріп қызарды, сол уақытта пышақпен инені алып, ептеп иді, қармақ істеді. Сонан соң Асанды шакырып: — Сен шегіртке тере бер, — деді де, өзі манағы қылдан есіп қармаққа бау істеп байлап, талдап кесіп оған сап істеді. Сөйтіп, қармағы әбзелімен даяр болған соң, Үсен суға барып, Асаннын жиған шегірткесін жемге шаншып, қармағын суға салды. Су әдемі, айнадай таза су екен, ішіндегі ойнаған балықтары көрініп жүретұғын. Әуелі шабақтар келді, біреуі бір, екеуі екі жемді иіскеп, тиіп-қашып, жұлқып өтіп жүрді. Сөйтіп тұрғанда шабақтар дүркірей келіп қашты. Қараса, бір шортан келген екен. Ол шортан жемге де қарамай, тәкәппарланып жайымен былғандап өтіп жүре берді. Шортан өткен соң манағы бытырап кеткен шабақтар тағы жалма-жан жыйылып келісіп, жемнің айналасында ойнап, бірін-бірі қуып, жемге де тиіп-қашып соғып өтіп жүрді. Сөйтіп тұрғанда, шабақтар және дүркірей қашып, жоқ боп кетті. Қараса, бір бөлек алабұғалар келген екен, жемді ең бұрын көрген біреуі тоқталмастан келіп асап келіп қалғанда, Үсен қармақты тартып алып оны қырға шығарып тастады. Сол қалыпша Үсен бірталай алабұға алды. Балықтың алынған қызығына айналып тұрып, балалар күннің кешке таянып қалғанын аңғармаған да екен. Бір мезгілде Үсен күнге карап: — Аһ, күн кеш боп қалыпты ғой, жарықта өткел тауып алайық, — деп, қармақпен алған балықтарын біреуінің шапанына орап алып, манағы шақпақ тасын және сабы-бауымен қармағын да қалдырмай алып, енді өткел іздесті. Бұл турада Үсен кідірместен, манағы өздерінің түсіп келген сүрлеудің өткен жерін тауып алып, сол жерден өте шыкты. Біраз жүрген соң-ақ күн кеш болды және біраздан соң ымырт жабылып, жол көрінбеді. Түн болған соң, балалар екеуі де қорқайын деді. Сөйтсе де Үсен сыр білдірмей, енді жүрсек адасармыз деп тоқтады, тезек теріп от жақты. Біраз отырған соң Асан күндіз көп жүріп шаршаған бала, ұыйқтап қалды. Үсен ойлады: әкем айтушы еді «елді жердің ұрысы, далалы жердің берісі болады» — деп, ұйықтамай отқа күндізгі алған балығын пісіріп, ермек етіп отыра берді; есітуі бар еді: от жағып отырса, қасқыр келмейді-міс деп. Қарап отырса, бір мезгілде бір топ киік келді. Олар анадайдан одырайып қарап тұрып-тұрып, өз-өзінен үркіп жөнелді. Біраздан соң құлын, тайы бар бір үйір құлан келді; айғыры алдында басын тікшитіп, кұйрығын шаншып, осқырынып, өзгелері таңданып қарап тұрды-тұрды да, олар да шауып жөнелді. Бір мезгілде жақын жерде қасқыр ұлыды; алысырақта өгіз-шағала адамша шыңғырып, біресе жылаған балаша, біресе қарқылдап күлген адамша, әртүрлі дауысқа салды. Үсен түйініңкіреп, бойы мұздап, қолына манағы қармақтың таяғын қысыңқырап ұстап және отыра берді. Сөйтіп, әр жануарларды көріп және оттың жарығына жыйылған құрт-құмырсқа, көбелектерді қарап, бұл көбелек-қоңыздар неге көріне өлім іздеп отка түсе береді екен деп, әртүрлі ойларға қалып, сүйеніп жатып, таңды атырды. Күншығыста таң әуел алтынмен бояғандай қызарып, жан-жакка жайыла-жайыла барып, ақыры қызылы тарап ағара бастағанда, Үсен Асанды да оята бастады: «Жүрер уакыт болды» - деп. Асан далада екенін ұмытып үйдегі қалыбынша, жуық арада оянбай ыңырсыса да, Үсен қоймай оятып алып, қасына ертіп жолға шығысты. Күн сәскеге шейін жүріп отырып, сәскеде сүрлеу бір қатаң шоқаттау жерге түсіп көрінбей кетті. Балалар енді қай жақка жүрерін білмей дағдарып тұрды. Сөйтіп, жан-жағына қарап тұрса, ілгергі алдында бір биік қыр үстінде, үлкен мола көрінді. Сонда Үсеннің ойына әкесінің сөзі түсті: далада жүріп адассаң, молалы жерде су болады, сулы жерде ел болады дейді екен. Сол ақыл бойынша Үсен Асанды ертіп, молаға қарай жүрді. Молаға жақындап келгенде, қаңқылдаған қаздың даусы шықты; Үсен енді білді жақын жерде көл бар екенін, оның үшін қаз сусыз жерді мекен етпейді. Келіп екеуі енді молалы қырға шықты, қараса, қырдың жығылар асты үлкен көл екен, көлдің айналасы да, іші де жыңылдаған мал; жағасындағы жібектей жапырылған көкорай шалғынында қора-қора қой мен жылқы, жылқының бір парасы көл ішіне кіріп, белінен құраққа кіріп тұр, енді бір жақжағасындағы сортаңда бір топ түйе жатыр. Бұларды көріп, балалар қырдан түсіп, жүгіріп малға келді. Келсе өз ауылдарының малы екен. Малшылар Асан, Үсенді көріп, олар да қуанып, біреуі әке-шешелерінен сүйінші сұраймыз деп шауып кетті, өзгелері балаларды атқа мінгізіп, ауылға алып жүрді. Жолда келе жатып малшылар айтты: — Сендердің жұртта қалғаныңды біліп, кешеден ауылдың жан біткені іздеуге кетіп еді, — деп. Нақ бесін мезгілінде балалар аман-есен үйлеріне келіп, әке-шешелеріне қосылды дейді.

Мазмұны · 5515 / 55
  1. 1Абылай хан
  2. 2Айуанның естесі көп, бірақ адамдай толық ақылы жоқ
  3. 3Ақымақ дос
  4. 4Алтын шеттеуік
  5. 5Ананың сүюі
  6. 6Асыл шөп
  7. 7Аурудан аяған күштірек
  8. 8Әдеп
  9. 9Әділдік
  10. 10Әй, достарым!
  11. 11Әй, жігіттер!
  12. 12Әке мен бала
  13. 13Әлім кісі
  14. 14Байұлы
  15. 15Бай мен жарлы баласы
  16. 16Бақша ағаштары
  17. 17Баланың айласы
  18. 18Бұл кім?
  19. 19Білгеннің пайдасы
  20. 20Бір уыс мақта
  21. 21Дүние қалай етсең табылады
  22. 22Жаз
  23. 23Жамандыққа жақсылық
  24. 24Жаман жолдас
  25. 25Жан-жануарлардың дауласқаны
  26. 26Жәнібек батыр
  27. 27Жомарт
  28. 28Зеректік
  29. 29Кел, балалар, оқылық
  30. 30Қанағат
  31. 31Қара батыр
  32. 32Қарға мен құрт
  33. 33Қыпшақ Сейітқұл
  34. 34Лұқпан әкім
  35. 35Малды пайдаға жарату
  36. 36Мейірімді бала
  37. 37Мұжық пен жасауыл
  38. 38Мұңсыз адам
  39. 39Өзен
  40. 40Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш
  41. 41Өтіріктің залалы
  42. 42Петр патшаның тергелгені
  43. 43Полкан деген ит
  44. 44Сақып
  45. 45Салақтық
  46. 46Сараңдық пен жинақтылық
  47. 47Сауысқан мен қарға
  48. 48Сәтемір хан
  49. 49Силинші деген ханым
  50. 50Таза бұлақ
  51. 51Талаптың пайдасы
  52. 52Түлкі мен ешкі
  53. 53Тышқанның өсиеті
  54. 54Шеше мен бала
  55. 55Ізбасты

Түсінбеген сөзге түртіп көріңіз

Квиз ашылған сөздерден құрастырылады; сақталғандары тренажёрде қайталанады

Квиз бастау